Уәкілетті органдарға ұсыну үшін орман қорын есепке алу, мемлекеттік орман кадастры, функционалдық басқарудағы ормандарға мемлекеттік мониторинг жүргізу бойынша материалдар дайындау

Орман қорының мемлекеттік есебі орман қорының күзетілуін, қорғалуын, ормандардың молықтырылуы мен орман өсіруді, орманның пайдаланылуын, орман қорының сандық және сапалық өзгерістеріне жүйелі бақылау жасауды ұйымдастыру және мемлекеттік органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды орман қоры туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.
Мемлекеттік орман қорының құрамындағы ерекше қорғалатын орман аумақтары жеке бөлінеді және есепке алынады.
Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер мен мемлекеттік табиғи резерваттар шекарасындағы мемлекеттік табиғи ескерткіштер солардың құрамында есепке алынады.
Орман қорының мемлекеттік есебінің деректері мемлекеттік орман кадастрын жүргізген кезде пайдаланылады.
Мемлекеттік орман қорының есебі республикада 1993, 1998, 2003 және 2008 жылдары жүргізілді. Республика ормандарының 1988 жылғы және оның алдындағы жылдардағы мемлекеттік есебі туралы мәліметтер Бүкілодақтық есептің материалдарында кездеседі.
Мемлекеттік орман кадастры орман қорының құқықтық режимі, оны орман иеленушілер арасында бөлу, орман қорының сандық және сапалық жай-күйі, мемлекеттік орман қорын санаттары бойынша бөлу туралы мәліметтер жүйесін және орман қорының орман шаруашылығын жүргізу мен шаруашылық қызметтің нәтижелерін бағалау үшін қажетті басқа да экологиялық және экономикалық сипаттамалары туралы деректерді қамтиды.
Мемлекеттік орман кадастрының деректері орман шаруашылығын мемлекеттік басқару, оны жүргізуді ұйымдастыру, орман шаруашылығын жүргізуге және мемлекеттік орман қорын пайдалануға байланысты емес мақсаттарда орман алқаптарын ағаш өспеген алқаптарға айналдыру және (немесе) мемлекеттік орман қоры жерін алып қою, орман пайдаланудың төлемақысы мөлшерін белгілеу, орман пайдаланушылар мен орман иеленушілердің шаруашылық қызметін бағалау кезінде пайдаланылады.