Азаматтарды қабылдау тәртібі

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы
Қазақстан Республикасының 12 қаңтар 2007 жыл N 221 Заңы
Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2007 ж., N 2, 17-құжат; "Егемен Қазақстан" 2007 жылғы 30 қаңтар N (25261)
Басы
Осы Заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн iске асыру және қорғау мақсатында олардың өтiнiштерiн беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi.
13-бап. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау
1. Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемiнде бiр рет тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн, оның iшiнде осы органдардың қызметкерлерiн жеке қабылдауды жүргiзуге мiндеттi.
2. Қабылдау белгiленген әрi жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткiзiлген күн мен сағатта жұмыс орны бойынша өткiзiлуге тиiс.
3. Егер өтiнiштi лауазымды тұлға қабылдау кезiнде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша өтiнiш ретiнде жұмыс жүргiзiледi.