Зейнетақыңызды дер кезінде рәсімдеңіз

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңмен ұлғайтыла бастады. Осылайша «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес әйелдердің зейнетке шығу жасы 2027 жылға дейін 63 жасқа жеткенше жылына 6 айға ұзартылып отырады. Яғни, бұл 10 жыл уақытты алады деген сөз.
Атап өту керек, егер биыл зейнеткерлік жасқа толған әйел (59 жас) жасына байланысты зейнетақы төлемдерін осы жылдың 31 желтоқсанына дейін рәсімдеп үлгермей, 2020 жылдың қаңтарында келіп өтініш жасайтын болса, онда «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабының 1 тармағына сәйкес ол алдағы жылы  зейнетақы төлемдерін тек 59,5 жасқа толғанда ғана рәсімдей алады. Сондықтан егер Сіз зейнеткерлік жасқа биылғы жылдың 31 желтоқсанында толатын болсаңыз, онда оған 10 күн қалғанда, яғни 21-31 желтоқсан аралығында Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш беріп үлгеруіңіз қажет. Өйтпеген жағдайда, зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін тағы 6 ай күтуге тура келеді. Себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей, жыл сайын әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 6 айға ұзартылып отырады.